Ауаның ластануынан ауырдық дегендер көбейді

Өскемендіктер жаппай тамақтарының ауырғанын айтып шағымданып жатыр. Қала халқының айтуынша, бір аптаға созылған ауа сапасының бұзылуынан тыныс алу жолдары күйіп қалған – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Шығыстың бас шаһарының аспанын қою тұман мен көк түтін бір аптадай торлап тұрды. Қанипа Латфуллина улы газ қолқаны қауып, дем алуды қиындатқанын айтады. Салдарынан бірнеше күн бойы үйінен шыға алмай, тек бүгін қаланы басқан мұнар сейілген соң, серуендеуге шығыпты.

Басым ауырып, давлением көтеріліп, тамағым қырылдап, ещо түшкірдім, жөтелдім. Құдай сақтасын! Мынау не деген сұмдық?! Далаға шыға алмадық. Әбден улап өлтіретін болды ғой халықты, – деді Өскемен қаласының тұрғыны Қатипа Лутфуллина.
Тек Қанипа әжей емес, Өскеменнің мыңдаған тұрғыны соңғы күндері денсаулықтарының сыр бергенін айтты. Көшеге шыққан жұрттың басым бөлігі көздің ашуы мен тамақтың жыбырлауына шағымданды.
Өте қатты әсер етті. Тіпті міне үйіміздің кіреберісіне кірсек те қазір иісі әлі кеткен жоқ. Ол газдың иісі. Үйге терезеден де кіріп кетті. Тамақтан алып тура, жыбырлап жөтелтеді. Күйдіріп тастады, – дейді қала тұрғыны Бақытгүл Тастанова.
Халық дабыл қаққанмен, ақхалаттылар жағдайды аса қауіпті,- деп санамайтын секілді. Статистика бойынша, қаңтар айында тұмау тиіп ауруханаларға барғандар қатары шамамен 20 пайызға көбейген. Алайда дәрігерлер бұл дертті ауаның ластануымен байланыстырмады.

Ресми түрде тіркелген мәлімет жоқ. 2025 жылы ондай жағдай болған. Бізде 4 науқас емделді, – дейді жалпы медицина дәрігері Мейірім Қайырбекова.
Ал тәуелсіз сарапшылардың болжамы көңіл көншітпейді. Экологтардың пайымдауынша, Өскемен ауасының ластануына тек алпауыт өндіріс ошақтары емес, ескірген ЖЭО мен жеке сектордың түтіні де қосылған. Соңғы жылдары Ертістің сол жағалауындағы құрылыстың қарқын алуы мен жаңа ЖЭО-ын салу жоспары жағдайды тіпті ушықтыруы мүмкін. Өйткені көмір жағу көлемі күннен-күнге көбеюде.

Иә өйткені, проблеманы өршітіп жіберді. Бұрын екі-ақ ластаушы болатын. Казцинк пен ТЭЦ. Қазір оның үстіне әкеліп, жеке секторды қосып тастады. Одан кейін энергетиктерғе шығарындыларды ұлғайта беріңдер дейді. Енді әрине, одан кейін бұл мәселе шешіле ме?!, – деді эколог Дәулет Асанов.
Өндірісті өңірдегі экологиялық мәселенің күрделенуі халықтың төзімін таусып барады. Мамандардың айтуынша, жүйелі реформа жасалмай, Өскемен түтін құрсауынан алдағы 20 жылда арыла алмайды.
Minut.kz



