Абай облысы инвестиция тарта алмай отыр

Инвестиция тарту Абай облысы үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Сонымен қатар, Қарағанды мен Атырау облыстарында да жоспар орындалмаған. Енді бұл өңірлердің әкімдері бұл жұмысты жандандырмаса, Президент тапсырмасын орындамағаны үшін жауап береді – деп хабарлайды, Minut.kz тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен отырыста айтып, нақты тапсырма берді. Үкімет басшысы атап өткендей, Президент 2029 жылға дейін Қазақстан экономикасына 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту міндетін қойған. Сондықтан әр өңір мен ведомство нақты жобаларды іске асырып, инвесторлармен тікелей жұмыс істеуі қажет.
Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,8 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға көп. Ең белсенді салалар – энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік.
Ал өңірлер арасында Астана мен Түркістан облысы алдыңғы орында. Премьер-министр артта қалған өңірлердің жұмысын жандандыруды, ал көшбасшылардың тәжірибесін өзге облыстарға енгізуді тапсырды.



