Алаяқтар рәсімдеген несиені банк сотсыз кешіреді

Атыңызға алаяқтар несие рәсімдесе, банк сотсыз-ақ кешіреді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова бұл мәселені шешу үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты. Енді несие сотқа жүгінбей-ақ есептен шығарылмақ деп хабарлайды Tiek телеграм каналы.
Нақтыласақ, егер несие клиенттің келісімінсіз және биометриялық сәйкестендіруінсіз рәсімделген болса, онда ол сотсыз есептен шығарылады. Ол үшін азамат құқық қорғау органдарына арыз жазуы керек. Тергеу органдары бұл несиені алаяқтық жолмен алынған деп таныса, банк қарызды кешіреді.
Соңғы екі жылда шамамен 1400 қазақстандықтың 1500-ге жуық несиесі кешірілген. Жалпы сомасы — 1,9 млрд теңге. Алайда кейбір жағдайларда алаяқтар жалған биометрия қолданған, мұндай кезде сот арқылы дәлелдеуге тура келген.
Жаңа тәртіпке сәйкес, егер адамның бұл несие туралы еш хабары болмағаны дәлелденсе, онда банк міндетті түрде оны есептен шығаруға тиіс. Бұл механизм Ішкі істер министрлігімен келісілген.
Minut.kz



