Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты болды
Ішкі істер министрлігінен арнайы топ оқиға орнына аттанды

Ақтөбе облысында жолаушылар тасымалдаған микроавтобус пен жүк көлігі соқтығысып, 12 адам мерт болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға бүгін Айтекеби ауданына қарасты Белқопа ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Жүргенев ауылы – Ақтөбе бағытымен жүрген «Газель» микроавтобусы қарсы бағытқа шыққан DAF жүк көлігімен соқтығысқан.
Салдарынан екі жүргізуші мен 10 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, ал тағы 5 адам ауруханаға жеткізілді.
Жергілікті жердегі полиция қылмыстық іс қозғап, оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, апатқа байланысты таңғы 9:40-та Хромтау мен Қарабұтақ арасындағы республикалық трасса барлық көлік түрлері үшін уақытша жабылған. Бұл жол Ресей шекарасынан Қытайға дейінгі бағыттағы негізгі магистральдың бір бөлігі болып табылады.
Ішкі істер министрлігі арнайы тергеу тобын құрды, ал істің барысын министр жеке бақылауына алды. Сондай-ақ, қаза тапқандардың туыстарына көмек көрсетілетіні, оның ішінде мүрделерді жеткізу және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша қолдау болатыны айтылды.



