Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі құжатқа қол қойылды

Орталық Азия елдері азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды – деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.
Іс-шараға салалық ведомстволар басшылары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты.
Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығы министрлерінің алғашқы кездесуінде аймақтық ынтымақтастықты нығайту, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Қазақстанда жүргізіліп жатқан агроөнеркәсіптік саясатқа да назар аударды. Елде егіс алқаптарын әртараптандыру белсенді түрде жүзеге асырылуда. Майлы дақылдардың егіс көлемі 1 млн гектарға, бұршақ дақылдарының көлемі 300 мың гектарға ұлғайған.
Суармалы егіншілік те дамып келеді. Соңғы екі жылда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер көлемі екі есеге өсіп, 590 мың гектарға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Саланы қолдау мен жаңғыртудың арқасында Қазақстан екі жыл қатарынан астық пен майлы дақылдардың рекордтық өнімін алуда.
Биыл қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы агроөнеркәсіптік өнімдердің тауар айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 24,4%-ға артқан.

Экспорттың негізгі бөлігін бидай, ұн, өсімдік майы, сиыр еті және қант құрайды, ал импортқа негізінен көкөністер мен жемістер кіреді.
Кездесу барысында тараптар көлік, энергетикалық және инновациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ шекара маңындағы логистикалық хабтарды құру мәселелерін талқылады.
Жанель Жанболатқызы



