Басты жаңалықҚоғам

Батыс Қазақстанда дрон құлап, полиция тексеру бастады

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Бөрлі ауданындағы елді мекеннен тыс аумақта ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының (БПЛА) бөлшектеріне ұқсас заттар табылған – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Табылған сынықтардың суреттері әлеуметтік желілерде тарады. Кейбір фотоларда украин тіліндегі жазулар байқалған. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, дрон қуатты жарылғыш құрылғымен жабдықталған болуы мүмкін. Жерге түскен жерде воронка пайда болған.

Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға байланысты ресми хабарлама таратты. Ведомство әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдағанын хабарлады.

«Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылысы тіркелді. Оның қалдықтары елді мекендерден алшақ аймақта табылды. Зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелген жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын және нысанның шығу тегін анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізілуде», — деп мәлім етті Қорғаныс министрлігі.

Айта кетейік, бұл Батыс Қазақстанда дрон сынықтарының табылған алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін ақпан және наурыз айларында да осындай оқиғалар тіркелген. Ол кезде Қорғаныс министрлігі табылған дрондардың 90%-дан астамы Ресейдің ұшу сынақ орталығы полигоны аумағында болғанын мәлімдеген.

Жалпы Қазақстан аумағында Ресей жалға алған үш сынақ полигоны бар, олардың бірі — Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында орналасқан 929-шы мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button