Басты жаңалықБілім

Білім бөлімінің басшысы «қатаң сөгіспен» құтылды

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы бойынша білім бөлімінің басшысына қатысты даулы мәселеге «нүкте» қойылғандай болды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Риддер қаласындағы №11 мектеп ұжымының үндеуіне қатысты тексерістің жүргізілгеніне бір айдан асты. Ұзаққа созылған тексеріс нәтижесінде шенеунікке «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза тағайындалған.

Аталған дерек бойынша тиісті шаралар қабылданды. Осыған байланысты 2025 жылғы 3 желтоқсандағы №04-11/1205-И хатқа сәйкес, Басқарма басшысының 2025 жылғы 5 қаңтардағы №2 бұйрығымен Риддер қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Абиев Батырбек Алтынбаевичке тәртіптік жаза ретінде «қатаң сөгіс» қолданылды, – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.

Біз білім басқармасының баспасөз хатшысы жіберген жауапты өзгеріссіз жариялап отырмыз. Айта кетейік, желтоқсан айының басында №11 мектептің мұғалімдері жұмысқа шықпайтындарын айтып, үндеу жасаған болатын. Бейнеүндеуде мұғалімдер мектепке жасалып жатқан психологиялық қысымды тоқтатуды сұраған.

Өтініштерін Оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызына, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Сақтағанов Нұрымбет Аманұлына, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімі Рахметқалиев Думан Есдәулетұлына арнап, мәселені тез арада шешуді сұраған еді.

Сонымен қатар, әрбір мұғалім мектепте өзін қауіпсіз сезінуге, қолдау мен құрметке ие болуға құқылы деп санайтындарын айтып, білім бөліміне жаңа басшы тағайындалғалы мектепте негізсіз тексерулер көбейгенін жеткізген.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button