Бірпалаталы парламентке «Құрылтай» деген атау беріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде, болашақ парламентке «Құрылтай» деген атауды беру керек деп сенетінін және жалпы Құрылтайдың тарихи аясы мен мағынасы халқымызға түсінікті, әрі жақын екенін айтты – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, депутаттар саны қызу пікірталас туғызған. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынған. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деген. Бірақ негізгі мақсат – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру болғандықтан, жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылаған. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келген.
Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек.
Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс! – деді Мемлекет басшысы.
Minut.kz



