Қоғам

Бозанбай ауылында түйелі керуен шеруі өтеді

Шығыс Қазақстан облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі биыл ерекше форматта атап өтілмек. 20 наурызында Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында халықтық серпіліс пен ұлттық дәстүрді жаңғыртатын ауқымды мерекелік іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Мерекенің шымылдығы «Наурыз – жыл басы» атты театрландырылған керуен көрінісімен түріледі. Қыдыр ата бастаған, ақ түйелі көш, ұлттық киімдегі ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар, ат үстіндегі айбынды жастар ауыл көшелерінен орталық алаңға дейін шерулеп жүреді. Бұл көрініс жиналған жұртқа бабалар аманаты мен ежелгі көш мәдениетін паш етпек.

Орталық алаңда ауыл әкімі мен қонақтардың қатысуымен ашылу салтанаты өтіп, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Сондай-ақ:

  • «Ұлыс оң болсын!» көрмесі: Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтіп, келген қонақтарға дәстүрлі Наурыз көже таратылады.
  • Киіз үйлер қалашығы: Әсем безендірілген киіз үйлерде қазақы қонақжайлылық көрсетіліп, ұлттық дастархан жайылады.

Мереке тек ән-жырмен шектелмей, нағыз білек күшін сынайтын спорттық ойындарға ұласады. Қатысушылар келесі бағыттар бойынша бақ сынай алады:

  • Күш сынасу: Қой көтеру, ешкі көтеру, тіпті ерекше сайыс – тай көтеру.
  • Ептілік: Аударыспақ, арқан тарту.
  • Төзімділік: Гір көтеру және қол күресі.

«Наурыз мерекесі – халқымыздың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін ұлықтайтын, қоғамды біріктіретін үлкен шара. Баршаңызды осы айтулы мерекені бірге тойлауға шақырамыз!» – делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button