Бозанбай ауылының халқы Наурыз тойын тойлады

Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында биылғы Наурыз мейрамы бұрын-соңды болмаған ерекше форматта атап өтілді. Ұлттық рухты оятқан бұл шара бабалар салтын жаңғыртып, ауыл аспанын ән мен жырға толтырды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.


Көш келді, керуен тізілді. Мерекенің ең басты ерекшелігі – «Наурыз – жыл басы» атты театрландырылған керуен шеруі болды. Ауыл көшелерімен салтанатты түрде өткен көштің басында ақ батасын берген Қыдыр ата жүрді. Ақ түйелі көш, ұлттық киім киген алқалы топ – ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, тұлпар мінген айбынды жастар жиналған қауымға көшпенділер мәдениетінің шынайы бейнесін паш етті.

Баршаңызды жыл басы – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні – табиғаттың түлеп, тіршіліктің жаңғыратын, көңілдерге шуақ сыйлайтын қасиетті мейрамы.
Бүгін, міне, Бозанбай топырағында ата-бабамыздың сан ғасырлық көш мәдениетін жаңғыртып, ақ түйелі керуенмен, ұлттық нақыштағы шерумен Наурызды қарсы алып отырмыз. Бұл – тек мерекелік емес, бұл – біздің ұлттық бірегейлігімізді, рухани құндылықтарымызды паш ететін үлкен тағылымды шара.
«Наурыз – бірлік пен татулықтың мерекесі» дейміз. Бүгінгі Бозанбайдың аспанындағы ақ түйелі көш пен ат үстіндегі айбынды жастарды көріп, халқымыздың салт-дәстүріне деген құрметіне тәнті болып отырмыз. Осындай іс-шаралар арқылы біз жас ұрпақтың бойына отансүйгіштікті, ата-баба аманатын сіңіреміз, – деді Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов халыққа арнаған құттықтауында.


Орталық алаңда мерекелік концерт болып өтті. Ауыл өнерпаздарының әуезді әні мен биінен бөлек, мерекелік бағдарлама аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Ұлыс оң болсын!» көрмесінде ұлттық тағамдардың жәрмеңкесі өтіп, келген қонақтардың барлығына дәстүрлі Наурыз көже ұсынылды.
Қазақы қонақжайлылықтың нышаны ретінде тігілген киіз үйлерде ақ дастархан жайылып, ұлттық құндылықтар дәріптелді.



Білек күшін сынаған балуандар да көп болды. Спорттық сайыстар бұл күні нағыз серпіліс әкелді. Бозанбайлықтар тек өнерде емес, білек күшінде де мықты екенін дәлелдеді. Сайыстардың ішінде балалардың лақ көтеріп жарысуы көрерменді ерекше таңғалдырды.






Minut.kz



