Қоғам
Елімізде борышкерлерді үйден шығару тәртібі өзгереді

Мәжіліс қарауындағы жаңа заң жобасына сәйкес, борышкерлерді үйінен шығару тәртібі өзгереді. Енді сот орындаушысы борышкерге пәтерден шығару туралы ескерту хабарламасын 10 күн бұрын жеткізуге міндеттеледі.
Бұл норма «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға енгізілетін түзетулердің бірі. Бұған дейін мұндай мерзім нақты белгіленбеген еді.
Сонымен қатар, шығару процесі міндетті түрде бейнежазбаға түсіріледі – бұл куәгерлердің қатысуын алмастырып, рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ұсынысты Әділет министрлігі енгізіп, Мәжіліс комитеті талқылап жатыр. Түзету қабылданса, борышкерлерге өз мүлкін жинап, көшуге кем дегенде 10 күн уақыт беріледі.
Жанель Жанболатқызы



