Халық қалауын өнермен ұштастырды

Өскемен қаласындағы ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде дауыс беру процесі ерекше қарқынмен өтуде. Мұнда орналасқан №84 сайлау учаскесі бүгін жай ғана саяси науқан орталығы емес, нағыз өнер мен дәстүр тоғысқан рухани мекенге айналды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Биылғы сайлаудың Наурызнама онкүндігімен тұспа-тұс келуі бұл күннің маңызын арттыра түскендей. Сайлау учаскесіне келген тұрғындарды училище студенттері мен жас таланттар әсем әнмен және күмбірлеген күймен қарсы алуда. Ұлттық киім киген өнерпаздар әрбір сайлаушыға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік леп ұялатуда.
№84 сайлау учаскесінің төрағасы Болат Төлеуханұлының айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – халықтың белсенділігін арттырып, маңызды саяси шешім қабылдау сәтін есте қаларлықтай өткізу.

Қазір елімізде Наурызнаманың 10 күндігі өтіп жатыр, Алдымызда Жаңа жыл – 22 наурыз келе жатыр. Бұл – жаңару мен жаңғыру уақыты. Осыған байланысты Жаңа Конституциямызға, еліміздің ертеңіне дауыс беруге келген халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік. Студенттеріміз бен шәкірттеріміз өз өнерлерін паш етіп, сайлаушыларға құрмет көрсетуде, – дейді ол.
Сайлауға келген қала тұрғындары өнер училищесіндегі мұндай ерекше жағдайға дән риза. Көпшіліктің айтуынша, музыка мен өнер астасқан ортада таңдау жасау адамға ерекше серпін береді. Әсіресе, жас буынның белсенділігі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауы сайлаудың ажарын аша түскен.
Бұл күн – тек саяси таңдау күні емес, елдіктің, бірліктің және мәдениеттің мерекесі. Өскемендіктер Жаңа Қазақстанның іргетасын қалауға осылайша өнермен өрнектелген қадаммен келуде.
Жанель Жанболатқызы



