Қоғам

Іздеуде жүрген 1391 адам ұсталды

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, – деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік ахуал, ішкі істер органдарына жүктелген міндеттердің орындалуы, соның ішінде «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру жұмыстары жөнінде баяндалды.

Ержан Сәденовтің мәлімдеуінші, іздеуде жүрген 1391 адам ұсталған. Олардың 138-і шетелде қолға түскен.

Жедел іс-шаралар барысында 30 тоннадан астам есірткінің, соның ішінде бір тоннадан астам синтетикалық заттардың айналымға түсуіне жол берілмеді.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы бар 185 қылмыстық топ ұсталған.

Интернет-алаяқтықпен күрес бағытында 12 колл-орталық жойылды. Оның жетеуі шетелде орналасқан.  Шамамен 83 миллион фрод-қоңырау және 4 мың алаяқтықпен айналысқан сайт бұғатталды.

Сондай-ақ алаяқтардың 2,3 миллиард теңге қаражатты елден шығаруына тосқауыл қойылды.

Министр: — биыл 10 айда елдегі қылмыс саны 5,3 мыңға азайған және қылмыстың ізін суытпай ашу деңгейі жақсарған. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық деңгейдегі құқықбұзушылықтармен күрес белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тұрмыстық сипаттағы қылмыс саны – 8 пайыз, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соғатын жағдайлар 26 пайыз азайды – деді.

Қазір жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдер енгізілуде. Мәселен, дрондар көмегімен 6 мыңнан астам, орташа жылдамдықты өлшеу жүйелері арқылы 190 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу дерегі анықталды.

Egov mobile және жетекші банктер қосымшаларына интеграцияланған «Заң және тәртіп» мобильді сервисі іске қосылғаннан бері азаматтардан 32 мыңнан астам өтініш түскен.

Президент Ержан Сәденовке елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button