Іздеудегі Балушкиннің зауыты сатылымға шықты
Өскемендегі Анатолий Балушкинге тиесілі болған, құрылысы аяқталмаған «Азия Авто-Бипэк Авто» автокөлік зауыты электронды сауда порталында сатылымға шыққаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта зауыт Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгерімінде тұр. Сауда порталындағы мәліметтерге сүйенсек, лот құрамына мыналар кіреді:
- Жалпы ауданы 515,2 гектар болатын төрт жер учаскесі;
- Аяқталмаған құрылыс нысандары мен ғимараттар;
- Құны 124 миллион теңгеге бағаланған тауарлық-материалдық құндылықтар.
Нысанның жалпы сметалық құны 23,2 миллиард теңгені құрайды. Айта кетерлігі, құжатта бұл баға тек алты ай көлемінде ғана ұсыныстық сипатта болатыны көрсетілген. Сауда-саттық 7 сәуір күні сағат 10:00-ге жоспарланған.
Еске салсақ, «Бипэк Авто-Азия Авто» холдингі айналасындағы дау бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Қазақстан үкіметі зауыт басшылығына «өндірісті модернизациялау және бөлшектерді локализациялау бойынша міндеттемелерін орындамады» деген айып тақты.
2020 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі компаниямен келісімшартты үзді. Соның салдарынан кәсіпорын салықтық жеңілдіктер мен кедендік преференциялардан айырылып, мемлекетке 174 миллиард теңге қайтаруға міндеттелді.
Холдинг иесі Анатолий Балушкинге қатысты «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Сот шешімімен компанияның мүліктері, соның ішінде Өскемендегі аяқталмаған зауыт кешені мемлекет пайдасына тәркіленді.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекет бұл нысанды теңгеріміне алып, кейіннен жаңа инвесторға беруі мүмкін. Бұған дейін ШҚО әкімдігі бұл алаңды басқа ірі автоөндірушілердің пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығарған емес.
«Азия Авто» кезінде Қазақстандағы ең ірі жеңіл көлік құрастырушы зауыттардың бірі болған және онда мыңдаған адам жұмыс істеген. Қазіргі таңда алып кешеннің тағдыры 7 сәуірде өтетін саудадан кейін белгілі болмақ.
Minut.kz



