Жастарға микронесие беру тәртібін қатаңдату ұсынылды

Сенатор Геннадий Шиповских депутаттық сауалында жастар арасында қарызға тәуелділік көбейгенін айтып, алаңдаушылық білдірді – деп хабарлайды Minut.kz тілші.
Сенатор сөзінше, 18 жастан бастап қарызды тексерусіз ресімдеу тәжірибесін тоқтату қажет. Сондай-ақ, несие рәсімдеудің ең төменгі жас шегін 21 жасқа дейін көтеруді де ұсынды. Ол бұл санаттағы қарыз алушылардың қаржылық жағдайына міндетті бағалауды енгізу қажет деп санайды.
Жастардың көбі микроқаржы ұйымдарының агрессивті жарнамаларына оңай алданып жатыр. Соның салдарынан жоғары пайызбен қарыз алады. Бұл жағдай әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін тенденцияға айналды.
Сенатор салалық агенттік мұндай қарыз алушылар бойынша статистика жүргізбейтінін, бұл мәселенің ауқымын шынайы бағалауға кедергі келтіретінін атап өтті. Дегенмен азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілерден алынған деректер жастар арасында борыштық жүктеменің өскенін көрсетеді.
Мұндай жағдайдың орын алуына несиенің тым жеңіл әрі жедел рәсімделуі, микроқаржы ұйымдарының жастарды нысанға алған агрессивті жарнамасы және қаржылық сауаттылықтың төмендігі әсер етіп отыр. Сонымен қатар, микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтырып жатыр: жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланып-толғанбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, күйзеліс пен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін, — деді Геннадий Шиповских Сенаттың жалпы отырысында.
Minut.kz



