Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды

Елімізде Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, комиссияның негізгі міндеті – конституциялық реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Комиссия туралы ереже бекітіліп, комиссияның құрамы айқындалды. Конституциялық комиссияға Эльвира Әзімова (Конституциялық сот төрағасы) жетекшілік етеді. Ерлан Қарин мен Аида Балаева төраға орынбасарлары. Ал Айдар Жарылғанов хатшы болады. Комиссия мүшелерінің саны 120-дан асады. Оның ішінде Президент әкімшілігінің қызметкерлері, әкімдер, судьялар, заңгерлер, депутаттар, сарапшылар, телеарналардың басшылары мен журналистер бар.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия құру туралы Мемлекет басшысы Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда айтты.

Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Жарлыққа ертең қол қоямын. Құрамына 100-ден астам адам кіреді. Оған Конституциялық сот төрағасы жетекшілік етеді. Содан соң жалпы Конституциялық реформа өткізетін уақытты белгілейміз, – деген еді Президент Ұлттық құрылтайдағы сөзінде.
Жанель Жанболатқызы



