Басты жаңалықҚоғам

Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында өрт сөндіру бекеттері ашылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл ауылында өрт сөндіру депосы ашылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Маңызды жоба өңірдің шалғайдағы және шекара шебіндегі ауылдардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесінде жүзеге асты.

Нысанның ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, ТЖД басшылығы мен сала ардагерлері қатысты.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов

Марқакөл ауданының тұрғындары үшін бұл оқиғаның маңызы зор. Жаңа депо елді мекендердің өрт қауіпсіздігі деңгейін айтарлықтай арттырады. Шалғайдағы аудандарда азаматтық қорғау жүйесін дамыту өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа ғимарат әбден ескірген бұрынғы өрт сөндіру бөлімшесін толық алмастырды. Депо заманауи талаптарға сай салынған және жеке құрамның тәулік бойы тиімді қызмет атқаруы үшін қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Яғни, оқу және тұрмыстық бөлмелер, спорт залы, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, заманауи диспетчерлік жүйе және өрт техникасына арналған кең бокстар қарастырылған.

Депоның автопаркі Марқакөл ауданының күрделі климаттық және таулы жағдайларына бейімделген 8 заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасымен жабдықталған.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі шамамен 23 елді мекенге қызмет көрсетеді.

Бұл төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, өңірдегі 7 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Өрт сөндіру бекенті Үлкен Нарын ауданында да ашылды. Ерікті жоба «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Жаңа нысан Алтынбел, Егінді, Майемер және Үштөбе елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған ауылдарда жалпы саны 1600-ге жуық адам тұрады. Жоба жедел қызмет бөлімшелерінен алыста орналасқан ауылдар үшін ерекше маңызды. Мұндай жағдайда төтенше жағдайларға жедел ден қою — адам өмірі мен мүлкін сақтаудың басты факторы.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button