Облыстар жаңа жылдық безендірулерге қанша қаржы жұмсады?

Жарқыраған шамдар мен биік-биік шыршалар. Жаңа жылдық көңіл-күй үшін биыл қазынадан қанша қаржы жұмсалды? Облыс орталықтарындағы безендірулерге кеткен ақшаға халық қалай қарайды? Minut.kz тілшісі өңірлердің мерекелік шығындарын есептеп көрді.
Әдеттегідей елімізде миллиондар шеруі басталып кетті. Шығыс Қазақстан облысында жаңа жылды тойлауға шамамен 150 миллион теңге жұмсалады. Оның тең жартысына жуығы Өскемен қаласының бюджетінен бөлінген. Ол ақшаға орталық алаң мен әуежай аумағы және бірқатар көшелер безендіріліп жатыр.

Өскемен қаласы бойынша 5 шырша орнатылды. Бұдан бөлек жаңа мұз айдындары жасалуда. Жалпы жаңа жылдық безендірулерге 71 миллион теңге бөлінген, – дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Азат Қасымов.
Ал Атырау қаласының биылғы мерекелік бюджеті – 40 миллион. Бұл қаражат қаланы сәндеуге және мерекелік шараларды ұйымдастыруға бағытталмақ. Нақтырақ айтсақ, 31-желтоқсан күнгі концерт пен отшашуға 15 миллионы, қалғаны шырша құруға және шаһар көшелерін арнайы шамдармен әшекейлеуге кетеді. Мұндай шығындарға халықтың пікірі екіұдай.
— Керек қой енді. Баладар кешке, адамдар демалады, шығады. Керек, енді қалай қалада шырша болмайды?! Керек, дұрыс деп ойлаймын.
— Бір-екі күндік мерекелерге сондай шығын жасаған да дұрыс емес деп ойлаймын негізі.
— Қаржы жағына келсек, басқа да жолдарын ойластырып қарауға болады ғой деп ойлаймын.
Алматы қаласы жаңа жылдық бюджет бойынша көш бастап, 800 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырған. Шымкент шаһарын безендіруге 99, ал Павлодар облысында 50 миллионнан астам теңге қарастырылған. Өңірлер арасында Түркістан облысы қаржы қарастымапты. Ал Елорданың мерекелік дайындығына 365 миллион теңге жұмсалмақ. Алайда, Астана әкімдігі шығынының бір бөлігі демеушілер есебінен жабылатынын айтып, сендіріп отыр. Демеушілер қолдауы Абай облысында да байқалады. Десе де Семей қаласы қазынадан 49 миллион теңге жұмсауды жоспарлап қойған.
Айтпақшы «қаржыдан» бөлек «қауіпсіздік» мәселесі де күн тәртібінде. Естеріңізде болса, былтыр дәл осы Семей қаласында шырша құруға көмекке келген мектеп мұғалімі биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді.
- Алматы – 793,3 млн
- Шымкент – 99 млн
- Павлодар – 50,8 млн
- Маңғыстау облысы – 80 млн
- Жетісу облысы – 60 млн
- Көкшетау – 55,4 млн
- Қонаев – 22 млн
- Жамбыл облысы – 36,9 млн
- Ұлытау облысы – 22 млн
- БҚО – 11 млн
- Астана – 365 млн
- Семей – 49 млн
Minut.kz



