Қоғам

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова дауыс берді

Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, Шығыс Қазақстанның мақтанышы Ольга Рыпакова республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Даңқты спортшы өзінің азаматтық позициясын білдіру үшін Өскемендегі №45 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне барды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бүгін Қазақстанда жаңа Конституция жобасына қатысты жалпыхалықтық дауыс беру науқаны жүріп жатыр. Саяси науқанның алғашқы сағаттарынан-ақ өскемендіктердің белсенділігі жоғары екені байқалады. №1163 сайлау учаскесіне келген Ольга Рыпакова ел өміріндегі маңызды өзгерістерге бейжай қарамайтынын көрсетті.

Дауыс беру рәсімінен соң чемпион бүгінгі таңдаудың маңыздылығына тоқталып, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді:

Бүгін еліміз үшін тарихи маңызы бар оқиға өтіп жатыр. Мен Қазақстанның азаматы әрі патриоты ретінде өз ұстанымымды білдіруді азаматтық парызым деп санаймын. Қазіргі құбылмалы әлемде біздің қалай дамитынымызды және қандай құндылықтарды ұстанатынымызды айқындайтын негізгі қағидаларды жаңарту өте маңызды, – деді Олимпиада чемпионы.

Рыпакованың айтуынша, заңнаманы жетілдіру – уақыт талабы. Белгіленген жоспар бойынша алға жылжу үшін Ата Заңның жаңартылуы ел ертеңіне нық қадам басуға мүмкіндік береді.

Өскемендегі саяси белсенділік жоғары. Қаланың барлық учаскелерінде дауыс беру процесі қызу жүріп жатыр. Спорт жұлдыздарымен қатар, еңбек ардагерлері, жастар және қоғам қайраткерлері де белсенділік танытуда.

Айта кетейік, бүгінгі референдум Наурызнама онкүндігімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан көптеген сайлау учаскелерінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлануда.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button