Өскемен екі ауданға бөлінуі мүмкін

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов халықпен есептік кездесуінде шаһарды екі әкімшілік ауданға бөлу мәселесін қозғады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Әкімнің айтуынша, бұл бастаманы жүзеге асыруға тұрғындар санына қатысты ресми деректің жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. Яғни, қаланың нақты демографиялық жағдайы ресми статистикадан өзгеше. Қазір облыс орталығында 400 мыңнан астам адам тұрады. Алайда, ресми деректерде 380 мың адам деп көрсетіледі.
Бұл айырмашылықтың басты себебі – тұрғындардың басым бөлігінің қалада тұрса да, ресми тіркеуге тұрмауы. Ақышов бұл құбылысты әлемдік тәжірибеде бар субурбанизация процесімен байланыстырды.
Сондықтан, қаланы кеңес дәуіріндегідей сол жағалау және Оі жағалау деп екі ауданға бөлу – басқару жүйесін тиімді етеді деп күтілуде:
- Коммуналдық қызмет: Әр ауданның өз коммуналдық шаруашылығы болады, бұл жұмыс сапасын арттырады.
- Басқару жеңілдігі: Қазіргі уақытта ұзындығы 80 шақырымға созылған қаланы бір әкім мен оның үш орынбасары ғана басқарып отыр.
- Бюджет және даму: Әр ауданға жеке қаржы бөлініп, мәселелер жергілікті деңгейде жылдам шешілмек.

Егер біз ресми түрде 400 мың межесіне жетсек, қаланы екі ауданға бөлуге болар еді. Бұл басқаруды жеңілдетіп, қаланың дамуына серпін береді,– деді шаһар басшысы Алмат Ақышов.
Қала әкімдігі алдағы уақытта тұрғындардың нақты санын анықтау бойынша жұмыс жүргізбек. Егер статистикалық мәліметтер 400 мыңдық көрсеткішті растаса, жоғары тұрған органдарға қаланы екі әкімшілік бірлікке бөлу туралы ресми ұсыныс жолданатын болады.
Minut.kz



