Басты жаңалықЭкономика

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов халыққа есеп берді

Бүгін Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов халықпен кезекті есептік кездесуін 19-шағын ауданда өткізді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Кездесуде шаһар басшысы бір жылда атқарылған жұмыс жайын баяндап, 2026 жылға жоспарланған мақсат-міндеттер туралы баяндады. Ал тұрғындар әдеттегідей көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.

Жалпы айтқанда, қала экономикасының барлық салаларында өсім байқалады. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде өсім байқалады. Бизнесті нығайту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Кәсіпкерлерді қолдау бойынша қалалық Штаб құрылған. Онда проблемалық мәселелер мен бизнестің жаңа жобалары қарастырылады. Депутаттық корпуспен бірлесіп, республика бойынша алғашқылардың бірі болып шағын және орта бизнес үшін салық мөлшерлемесін екі пайызға дейін төмендетілген.

Алмат Ақышов Өскемен қаласының әкімі

Тиімді жұмыс нәтижесінде бизнес саласы көрсеткіштердің өсуіне қол жеткізілуде. Жалпы өңірлік шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім мен қызметтердің үлес салмағы 46 пайызды құрады. Шағын бизнесте 103 мың қызметкер немесе қаланың барлық жұмыспен қамтылған халқының 56 пайызы жұмыс істейді. 12 ай ішінде шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін түсімдер 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 53,3 пайызға өсіп 179,6 млрд. теңгені құрады, – деді қала әкімі Алмат Ақышов.

Президент тапсырмасына сай 20-дан астам жоба жүзеге асуда

Мемлекет басшысы жүктеген ірі инвестицияларды тарту туралы тапсырмасы да ойдағыдай орындалуда. Өскемен қаласының құны 148,0 миллиард теңге болатын 20 жобасы инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық тізіміне енген. Ал өңірлік тізімге 1,5 миллиард теңге болатын 5 жоба кірген.

Осы жұмыстың нәтижесінде былтыр «Алтай» көтерме сауда орталығы ашылды. Бұл жоба азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған бірегей жоба. Сонымен қатар, «Maxi Mall» сауда орталығы мен «Altaimai» май зауыты ашылды. «Заречный базары» сауда үйі мен «AitasAgroAstyk» дәнді-дақыл сақтау қоймасының құрылысы аяқталған. Биыл жалпы құны 46,9 миллиард теңге болатын сегіз инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

2025 жылдың басынан кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасы аясында 6,3 миллиард теңгеге 53 жоба субсидияланды. Несие бойынша 85 жоба кепілдік алды, несиенің жалпы сомасы 12 миллиард теңге.

«Медсервис ПЛЮС» мекемесі сауда-өндірістік кешенін ашты. Осылайша қалада алғашқы «А» класты фармацевтикалық терминал пайда болды.

Негізгі міндеттердің бірі – инфрақұрылым желілерді жаңарту

Өндірісті қала Өскемендегі жылу құбырларының – 61,8 пайызы ескі. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 63,9 пайыз болған. Яғни жылда жоспарға сай жөндеп, жаңасына ауыстырудың арқасында ескірген құбыр азайып келеді. Су құбырлары мен кәріз желілері де жаңартуды қажет етеді.

Бұл жай ғана цифрлар емес, бұл мәліметтің артында желілерде орын алып жатқан жиі апаттар жатыр. Естеріңізде болса, аяздың ең жоғары күндерінде қала бойынша апаттық жағдайлар жиілеп кетті. Тиісті қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында барлық апаттар қысқа мерзімде жойылды. Инженерлік инфрақұрылым кешенді жоспар мен қомақты қаражатты қажет ететін маңызды сала. 2025 жылы 1,2 миллиард теңгеге 13 шақырым жылу желісі, 465,2 миллион теңгеге 10 шақырым ауыз су желілері және 91,7 миллион теңгеге 2,7 шақырым кәріз желілері қайта жаңартылды, – деді қала әкімі.

Қаланы абаттандыру – халықтың жайлылығы үшін жасалған қадам

Былтыр 5 жерде абаттандыру жұмысы жүргізіліп, жаңадан қоғамдық орындар ашылды:

  • Ертіс көпірінің астындағы спорттық алаң;
  • Қазақстан көшесі бойындағы жаңа саябақ (Микен);
  • Шешек тауындағы жаңадан қоғамдық орын;
  • КНМ аумағындағы қалалық жағажай;
  • Согра кенті Фасадный көшесіндегі алаң;

Жеңіс пен Сәтбаев даңғылдары бойындағы тұрғын үйлерге, сондай-ақ «Қазақстан» тауының элементтеріне сәндік және көркемдік жарықтандыру орнатылып, 7 жаңа Мұрал пайда болды.

Мұралдардың қалаға сән беруінен бөлек, рухани және идеологиялық тұрғыда маңызы зор деген Алмат Ақышов: – Барлығы 42 аула абаттандырылды. Соның ішінде: 17 аула кешенді абаттандырылса, 17 аулада шағын сәулет нысандары мен балалар алаңдары орнатылды. Сегіз спорт алаңы жабдықталды. Назарбаев және Әуезов даңғылдары, Нұрмағамбетов және Горький көшелері бойындағы 22 тұрғын үйдің қасбетіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді – деді.

Әкім есебінен кейін тұрғындар сауалына жауап берілді. Халық балабақша салынса деген өтініш айтты. Себебі Ертістің сол жағалауы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Сәйкесінше, халық саны көбейіп, әлеуметтік нысандар көптеп қажет болуда. Сондықтан кездесуде сұрақ қойған ел балабақша мен мектеп жеткілікті болса деген өтініш білдірді.

Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Әль-Фараби даңғылындағы жаяу жүргіншілер өтетін жерге арнайы жол белгісін қою, көшені жарықтандыру секілді мәселелер көтерілді. Көшені асфальттау, кейбір жолға қиыршық тас төсеу де қажет. тұрғындар талай жылдан бері көтерген мәселеміз шешімін тапса деген тілек білдірді. Қаңғыбас иттерден төнген қауіп те жоқ емес. Әсіресе мектеп оқушылары үшін алаңдаған ата-аналар бір шара қолдануды сұрады.

Қала әкімі кей тұрғындар айтқан мәселелерді зерделеп, тиісті шешім қабылдау үшін бөлім басшыларына барып көруді тапсырды.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button