Басты жаңалықДенсаулық

Өскеменде 3 мыңға жуық оқушы онлайн оқуға ауысты

Өскемендегі 18 мектептің 132 сыныбы қашықтан оқытуға ауыстырылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Мұндай шешім өңірде соңғы уақытта тұмаудың өршуіне байланысты қабылданған. Нақтыласақ, қала мектептеріндегі 1-ден 4-сыныпқа дейінгі 1638 бала, 5-тен 11-сыныпқа дейін оқитын 1034 оқушы онлайн оқиды.

Жалпы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 тамыздағы № 6-ПГСВ қаулысына сәйкес, ЖРВИ және тұмау өршуі кезеңінде білім беру ұйымдарында уақытша шектеу шаралары енгізіледі. Егер бір сыныпта бір инкубациялық кезең ішінде оқушылардың 20–30%-ы ауырып қалса, кабинеттік оқыту тоқтатылады және 10 күн бойы жаңа оқушылар қабылданбайды. Ал 30 пайыздан және одан жоғары сырқаттанушылық тіркелген сыныптар уақытша онлайн оқытуға көшіріледі.

Айта кетейік, дәл қазіргі уақытта облыс аумағында жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 45 937 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 6340,41 болды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 27 193 жағдай анықталып, жалпы аурушандықтың 59,2 пайызды құрады. 1 жасқа дейінгі 728 бала, жүкті әйелдер арасында 126 жағдай тіркелді.

Білім басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, тұмаудың зертханалық расталған 5 жағдайы тіркелді, барлық жағдайда A/H3N2 типі анықталды, – деп ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қ.Тұрдиев  хабарлайды. Тұмаудың бұл 5 жағдайы Өскемен қаласында тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларда – 4 жағдай. Бір жасқа дейінгі балаларда, жүкті әйелдерде және екпе алғандар арасында тұмау анықталмаған.

Респираторлық вирустарға жүргізілген 368 зерттеудің 93-інде оң нәтиже берді:

– риновирус – 63,

– бокавирус – 1,

– аденовирус – 29.

2025–2026 маусымында облыста коронавирустық инфекцияның 2 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,7 есеге төмендеді.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button