Басты жаңалықҚоғам

Өскеменде 5 мыңнан астам домбырашы «Ақбұлақ» әнін орындап, әлемдік рекорд орнатты

Бүгін Ұлыстың ұлы күні облыс орталығында кең көлемде аталып өтіліп жатыр. Таңертең Республика алаңында қазақтың ұлттық киімін киген 5201 домбырашы бір мезетте Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін орындады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Домбырашылар ішінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов та болды. Бұл ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Салтанатты шара барысында Рекордтар кітабының өкілі Шығыс Қазақстан облысының әкіміне арнайы сертификатты табыс етті. Облыс басшысы бұл жетістіктің тек сан емес, сапа мен бірліктің көрінісі екенін атап өтті.

Бүгінгі рекорд – біздің рухани байлығымыз бен бірлігіміздің символы. Домбыраның үнімен басталған бұл жыл еліміз үшін берекелі болмақ. Ұлттық құндылықтарымызды осындай ауқымда ұлықтау – өскелең ұрпаққа үлкен үлгі. Осынау игі шараға атсалысқан әрбір өнерпазға, әрбір тұрғынға алғысымды білдіремін. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы, жақсылықтың жаршысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен төл мерекеміз жаңа мазмұнда, жаңа сипатта тойланып келеді. Әр шаңыраққа құт-береке, шаттық пен қуаныш тілеймін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!, – деді облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Қала билігі басшы болып, арнайы мақсатпен ұйымдастырылған іс-шараға Рекордтар кітабының ресми өкілдері арнайы қатысып, қатысушылар санын жіті қадағалады. Арнайы бейнежазбалар мен санақ нәтижелері орталық штабқа жолданып, ресми расталды.

Қосымша жұмыстар әлі де сарапталады, бірақ қазірдің өзінде нақты жауап бар. Рекорд тіркелді. Бес мыңнан астам өнерпаз бір уақытта өнер көрсетті. Бұл – Шығыс Қазақстанның, Өскемен қаласының үлкен жетістігі, – деді Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтарды тіркеудің бас офицері Қуандық Құдайбергенов.

«Ақбұлақ» әнін орындауға қатысушылар тіркелген рекордқа қуанышты. Бұл әрекеттерін өңірдің дамуына қосқан үлесіміз деп санайды.

Мен басында қалай болар екен деп алаңдадым. Көңілім күпті болғаны рас. Бірақ басталар кезде бойымызды тез жинап ала қойдық. Бар ынта-жігерімізбен орындап шықтық. Өте қуаныштымыз. Наурыз мерекесі құтты болсын!, – дейді өнерпаз Съезд Мұханұлы.

Мерекенің куәгері болған қала тұрғындары мен қонақтары өз әсерлерімен бөлісті. Алаңдағы ерекше атмосфера ешкімді бей-жай қалдырмады.

Гүлнар, қала тұрғыны: – Осынша адам бір уақытта домбыра шертіп, ән салғанда ерекше әсерге бөленеді екенсің. Жалпы, домбыра деген керемет қой. Ал бес мың домбыра бір уақытта күмбірлегенде… Сезімімді айтып жеткізе алмаймын! Бұл нағыз рухани сілкініс болды.

Бауыржан, ардагер ұстаз: – Мұндай маштабтағы шараны алғаш рет көріп тұрмын. Балалардың қолына домбыра алып, ұлттық киіммен алаңға шыққанының өзі бір ғанибет. Рекордтың тіркелгені біз үшін үлкен мақтаныш.

Айсұлу, студент: – Әннің құдіреті мен домбыраның үні жүрекке жетті. Осындай сәтте қазақ екеніңді мақтан тұтасың. Өскемен бүгін әлем назарын аударды деп ойлаймын.

Өскемендегі бұл оқиға тек мерекелік концерт емес, ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатқан тарихи сәт болды. Рекордтар кітабына енген бұл көрсеткіш Шығыс Қазақстанның мәдениет пен өнердің ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айта кетейік, күндізгі концерттік бағдарлама аясында «Алашұлы», Bayansulu және Гүлнұр Салбанова сынды танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар сахнада өнер көрсетеді.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button