Қоғам

Өскеменде әз-Наурыз дүбірлеп өтуде: Самарқанның көк тасы жібіген күн

Шығыстың шыңылтыр қысы артта қалып, Алтайдың баурайына шуақты көктем келді. Бүгін Өскемен жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен, зор ықыласпен қарсы алуда. Қаланың орталық алаңы нағыз мерекелік думанның орталығына айналды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Республика алаңы бүгін таңғы сағат 09:00-ден бастап халыққа толды. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мерекенің ажарын ашып, қала қонақтары мен тұрғындарына ұлттық нақышты сезіндіруде.

Мұнда тек ән мен би ғана емес, нағыз спорттық бәсеке де қызып тұр:

  • Алтыбақан: Жастар жағы әсем әнмен тербеліп, мерекенің көркін қыздырса;
  • Спорттық ойындар: Білекті де епті жігіттер биік бағанаға өрмелеп, өз шеберліктерін көрсетуде;

Мерекелік жәрмеңке: Қала тұрғындары үшін жайылған дастархан мен базарлықтар таңдаудан кенде емес.

Мерекелік бағдарлама екі кезеңге бөлінген. Күндізгі бөлімде облыс өнерпаздарымен қатар, танымал «Алашұлы» тобы, Bayansulu және Гүлнұр Салбанова жұртшылықты әуезді әнмен сусындатты.

Алаңда жүрген қала тұрғындары өздерінің ақжарма тілектері мен әсерлерін бөлісті.

Айгүл Орынбасарова зейнеткер: – Биылғы Наурыздың дайындығы өте жоғары. Күннің райы да керемет болып тұр. Көк тас жібіп, көңіліміз жадырап қалды. Ең бастысы – ел іші тыныш, бауырларымыз бүтін болсын! Ұйымдастырушыларға рақмет, киіз үйлердің іші толған береке.

Арман Ақанов қала тұрғыны: – Біз достарымызбен кешкі концертті асыға күтіп жүрміз. Әсіресе «Меховая 8/1» тобын көргіміз келеді. Өскеменде мұндай ауқымды шаралардың жиі болғаны жақсы. Көктемгі энергия, позитив өте көп.

Естеріңізге сала кетейік, мерекелік шаралар бүгін кешкі сағат 21:00-ге дейін жалғасады. Кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін гала-концерт жоспарланған. Сахна төріне қазақ эстрадасының майталманы Жұбаныш Жексенұлы, хитмендер «Меховая 8/1» және қайтадан «Алашұлы» тобы шығып, Өскемен аспанын әнге бөлемек.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button