Басты жаңалықҚоғам

Өскеменде «Халық бухгалтері» акциясы өтті

Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында «Ашық есік» күні өтті – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

«Халық бухгалтері» атты республикалық акция ҚР Қаржы министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Мақсаты – жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне тегін консультациялық көмек көрсету.

Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, алғашқы күні жаңа Салық Кодексінің нормаларына қатысты сұрақтар көп болды. Мамандар салықтық есептілікті тапсыру тәртібі мен жаңа арнайы салық режимдеріне көшуге қатысты өтпелі ережелерді, қосылған құн салығы бойынша есепке қою және есептен шығару тәртібін, сондай-ақ, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеу мәселелерін түсіндірді.

Кеңес беру барысында әсіресе такси қызметін жүзеге асыратын тұлғалардан түскен сұрақтарға ерекше назар аударылды. Аталған санаттағы салық төлеушілер үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшу тәртібі, тіркелу ерекшеліктері, салық салу және салықтық міндеттемелерді орындау мәселелері жиі айтылды.

«Халық бухгалтері» акциясының ұйымдастырылуы мемлекеттік кірістер органдарының жұмысына да тиімді болды деуге болады. Мәселен, сервистік тәсілді дамытуға, салықтық сауаттылықты арттыруға және салық заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам жасалды.

Маңызды ақпарат:

  • «Халық бухгалтері» акциясы 30 маусымға дейін жалғасады;
  • Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған;
  • Бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік, ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу жайында кеңес беріледі;
  • Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында офлайн қабылдау (мекенжайы: Назарбаев даңғылы, 86, 3-қабат). Облыстың басқа қалалары мен аудандарындағы салық төлеушілерде сұрақтар туындаған жағдайда +77711238084 телефон нөмірі арқылы бейнеқоңырау жасау мүмкіндігі қарастырылған;
  • «Ашық есік» күні 2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін;
  • 2026 жылғы наурыздан бастап аптасына 2 рет;
  • Кеңес берушілер кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар және бухгалтерлік қауымдастықтардың өкілдері;
  • Заңнама нормаларын түсіндіру үшін мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері қатысады;

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button