Басты жаңалықҚоғам

Өскеменде жаңа қоқыс полигоны ашылмауы мүмкін

Шығыс Қазақстанда кәсіпорындардан жылына 2 миллиард тоннадан астам қалдық шығады. Облыс халқынан шығатын тұрмыстық қалдықтардың көлемі 300 мың тоннадан асады. Алайда олар өңделмейді. Әсіресе бұл жағдай өскемендіктер үшін үлкен мәселеге айналған. Тіпті қаланың қоқыс полигоны ауыл ішінде орналасып, аузы-мұрнынан шығып, лық толған.

Полигон өткен ғасырдың 57-жылдары ашылған. Содан бергі 68 жылда жиналған қоқыстың қалыңдығы 9 қабатты үйдің биіктігінен асып кетті – дейді полигонды жақсы білетіндер. Қазір осы алаңның айналасында тұратын халық саны да көбейген. Шашылған қоқыстан қажыған ел мұны жауып, басқан жаққа ауыстырсын деген талап қойып жүр.

Ольга Собинова Өскемен қаласының тұрғыны

Қоқыс орнының толғаны сонша ауаны және топырақты тіпті, жерасты суын ластап жатыр. Осы маңда төрт ауыл бар. Қоқыс орны дәл ортасында орналасқан. Ал иісі тіпті улап бітті. Үнемі сасып тұрады. Жылда жаз айларында өртенеді де жатады. Улы түтініне де шыдау мүмкін емес, – дейді Ольга Собинова.

Жалпы полигонды пайдалану мерзімі 2026-жылға дейін рұхсат етілген. Бірақ мамандар зерттеу жүргізіп, әлі де 3-4 жыл қоқыс төгуге болады деген қортындыға келген. Ал жауаптылар осы уақыт ішінде Германия мен Қытай және Швейцария секілді елдердің озық технологияларын қолданып, қалдықты өңдейтін зауыт салмақшы.

Ақмарал Ерболова ШҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы

Осы мемлекеттердің инвесторларымен тығыз байланысқа шығып жатырмыз. Олардың тәжірибесіне қарап, жұмысын бағалаймыз. Қолайлы технологиялардың бірін таңдап, зауыт салу жоспарда бар. Егер зауыт салынса қалдықтардың 95 пайызы қайта өңделеді. Соның нәтижесінде жаңадан қоқыс полигонын ашудың қажеті болмайды, – деді Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Ерболова.

Бұл жоспар нақты жүзеге аса ма жоқ па ол жағын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі әлі келісім жасалмақ түгілі, құрылысты жүргізетін компания анықталмаған.

Айта кетейік, қоқыс мәселесі Өскеменде ғана емес, өзге аудан-қалаларда да бар. Биыл облыс аумағында заңсыз қоқыс сақтауға арналған 231 орын белгілі болып, оның 66-сы жабылды. 165-сі заңдастырылды.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button