Өскеменде жарық жиі өшетін болды

Өскеменде жексенбіден бері жарық қайта-қайта өшіп, халықты әбден әбігерге түсірді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Электр энергиясының өшуінен қаладағы көптеген үйлер тәуліктеп жылусыз, сусыз отырды. Кейбір тұрғындардың тұрмыстық техникасы күйіп кеткен. Бүгін де бір мөлтек аудан жарықсыз қалды. Салдарынан көшедегі бағдаршамдар істемей, қозғалыс қиындады.

Жарық өшіп қалғаннан бір тәуліктей кейбір үйлер жылусыз, сусыз отырды. Не істейміз? Кімге айтамыз? Телевизорым күйіп кетті, тоңазытқышым істен шықты деп хабарласқандар бар, – дейді апаттық қызмет жетекшісі Жомарт Тоқжасаров.
Қазір қаланың әсіресе Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы тұрғындар қорқынышпен отыр. Себебі, жағдай қайталанса жылусыз қалудан және қымбат техникаларының істен шығуынан қауіптенеді. Ал бүгінгі қаланың қақ ортасындағы жарықсыз қалған аудандағылардың көшеде жүрулерінің өзі қиындап кетті. Жауаптылар болса жазбаша жауап берумен ғана шектелді.
Гагарин бульвары мен Карбышев, Виноградов, Севастопол көшелерінде және Мирный кентіндегі қосалқы станция орналасқан аумақта электр энергиясы апатты жағдайда өшті. Салдарынан барлығы 12000-нан аса абонент жарықсыз қалды. Апаттық бригада шұғыл түрде бүлінген жерді анықтап, қалпына келтірді, – деп ақпарат таратты ШҚО БЭСК баспасөз қызметі.
Айта кетейік, электр энергиясының алғашқы күні өшуінен 4 жылу қазандықтың жұмысы уақытша тоқтап, барлығы 161 үй жылусыз қалды. Кеше «Пионерский» су жинағышында суық су берілмей, бірталай елді тағы да әбігерге салды.
Minut.kz



