Өскеменде Наурыз мерекесіне орай жәрмеңке өтті

Бүгін, 21 наурыз – ынтымақ пен бірліктің символына айналған Ұлыстың ұлы күні. Осынау мерекеге орай Өскеменде жергілікті өнімдердің үлкен жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Minut.kz тілшісі мерекелік сауданың қалай өтіп жатқандығын бақылап қайтты.

Мерекелік шара әдеттегідей «Алтай» көтерме-тарату орталығында таңғы сағат 08:00-де басталды. Мұнда өскемендік және облыстың кей аудандарынан келген фермерлер мен отандық өнім өндірушілер өз тауарларын қала тұрғындарына ұсынды.

Жәрмеңкеге келушілер үшін таңдау өте көп. Күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктің барлық түрі бар. Ет және сүт өнімдері. Жаңа сойылған жылқы, сиыр, қой еті әдеттегі бағадан едәуір төмен саудаланды.

Көкөністер мен жемістер де көп. Картоп, сәбіз, пияз және маусымдық жемістер бар.
Наурызкөжеге арналған бидай, тары, күріш секілді дәнді-дақылдар мен құрт және сүрленген ет сатылды. Ең бастысы, мұндағы азық-түлік мереке алдындағы қымбатшылықты сезінбеуге септігін тигізеді.

Жәрмеңкеге жиналған халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Біз сауда жасап жүрген бірнеше қала тұрғынын сөзге тарттық.
Жылда Наурыз қарсаңында осындай ауылшаруашылық жәрмеңкесіне келеміз. Биыл да солай болды. Оның үстіне бүгін ерекше – ынтымақ күні ғой. Наурызкөжеге қажеттінің бәрін алдым. Ет те жас, сүрленгені де бар екен. Бағасы да тиімді, дүкендерге қарағанда әлдеқайда арзан. Құрт май алдым. Қатық, айран, сүтті де ауылдан әкелген екен. Ойымдағы заттың бәрін алып, разы болып барамын. Өзіміздің жергілікті фермерлердің өнімін алған жақсы ғой, бәрі табиғи. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз, – дейді қала тұрғыны.

Жәрмеңке таңғы сегізде ашылды. Ала таңнан барып сауда жасаған қала халқының қарасы мол болды.

Жанель Жанболатқызы



