Өскемендегі Әз-Наурыз: Ұлттық рух пен заманауи өнердің тоғысқан нүктесі

Шығыс Қазақстан облысының орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ерекше форматта аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Биылғы тойдың орталығына айналған «Өскемен» аллеясы мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтарының басын қосып, нағыз халықтық думанның көрігін қыздырды.
Мерекелік бағдарламаның шырайын елорда мен мәдени астанадан келген өнер жұлдыздары аша түсті. Сахна төрінде хит әндердің орындаушылары Руфат Маратұлы мен Baika өнер көрсетіп, жастар мен ересектерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, жергілікті таланттар Апош Сарбаз, Дина Мырза, Аслан Шыңғысбек сияқты әншілер патриоттық және лирикалық әндерін тарту етсе, “Alemsazy band” ұжымы аспаптық музыканың құдіретін көрсетті. “Экстази” би тобы өздерінің динамикалық қойылымдарымен аллеяны нағыз би алаңына айналдырды.

Наурыз мейрамы тек ән мен би емес, сонымен қатар ер-азаматтардың күш сынасатын алаңы. Сайысқа түскендердің қарасы қалың болды. Қол күрес және арқан тарту сайыстарында командалық рух пен жеке шеберлік алдыңғы планға шықты. Мерекенің ең қызықты сәттерінің бірі болған бұл жарыста қала палуандары бақ сынап, жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар мен бағалы тартулар табысталды. Мерекенің басты жаңалығы – ұлттық киімді дәріптеуге арналған ерекше бастама болды. «Өскемен» аллеясына қазақы нақыштағы оюлы шапандармен, кәмшат бөріктермен және әсем әшекейлермен келген тұрғындарға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Бұл қадам қала көшелерінде ұлттық құндылықтардың заманауи сәнмен қалай үйлесетінін паш етті.

Бүгінгі мереке ерекше әсер берді. Өзіміздің ауданда мұндай үлкен шараның ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Тіпті Алматы мен Астанадан әншілер келіпті. Мен ойлаймын ол мына халыққа жасалған үлкен сыйлық деп. Мереке өте жоғары деңгейде өтті деп санаймын. Халық та өте көп жиналды. Нағыз мерекенің нышанын сезіндік. Наурыз мерекесі құтты болсын! Еліміз тыныш болсын! Дами берсін! Халқымыз, Президентіміз аман болсын! Жаңа келіп жатқан жылымыз жақсылыққа толы жыл болсын!, – деді Мейрамгүл есімді қала тұрғыны.
Ақ жаулықты әжелер қауымы да шет қалмай, ақ баталарын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты оятуға таптырмас мүмкіндік.

Өскемендегі бұл той тек мерекелік шара ғана емес, ел бірлігі мен мәдени мұраның салтанатына айналды. Мазмұнды бағдарлама мен халықтың ыстық ықыласы Наурыздың Шығыс төрінде жоғары деңгейде өткенін айғақтайды.

Жанель Жанболатқызы



