Өскемендік кәсіпкер тауарын рубльмен сатқан

Өскемендегі сауда дүкендерінің бірі тауарды ресей рублімен сатқан – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Еліміздегі ішкі сауда заңын бұзған шағын және орта бизнес өкілі бұл ғана емес, жалпы жыл басынан бері ережені елемеген 179 кәсіпкерге 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Елу адам ескертумен құтылды.
Көрші елдің валютасымен сауда жасаған кәсіпкер өз әрекетін жұмысшы жетіспеушілігінен болды деп түсіндірген. Бірақ тексеріс кезінде сатылымдағы заттардың бағасы рубльмен қойылғаны анықталып, 393200 теңге айыппұл салынды. Ал тауар құнын көрсетпей немесе көрсетілген бағадан тым қымбат сатқан 87 сауда өкілі мемлекетке 1 миллион теңге шамасында айыппұл төледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген 15 пайыздан артық үстеме баға қосқан 91 саудагерге қатысты да қатаң шара қолданылды.

Оның ішінде 49 ескерту берілді. 42 кәсіпкерге 500-ның көлемінде айыппұл салынды, – дейді ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин.
Ескерту демекші, 2025 жылдың 13 наурызына дейін Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодекстің 204-бабы, 4-бөлігі бойынша «ескерту» түріндегі жаза қарастырылған болатын.
Департаменттің кәсіпкерлерге қатысты тексеру жүргізуіне мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан түскен хаттар мен өтініштер негіз болып табылады. Материалдар келіп түскен жағдайда Департамент оны зерделеп, содан кейін прокуратура органдарына тіркеуге жібереді. Тексеру тіркеуден өткеннен кейін ғана, департамент қызметкерлері кәсіпкерге барып, тексеру жүргізеді. Құқық бұзушылық фактілері дәлелденген жағдайда кәсіпкерге тиісті шара қолданылады.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті рұқсат етілген сауда үстемесінің мөлшерінен (15%-дан астам) асып кету немесе ішкі сауда саласындағы басқа да заңбұзушылықтар орын алған жағдайда мына мекенжай бойынша хабарласуға болатынын ескертеді.
ШҚО, Өскемен қ., 30 Гвардиялық Дивизия көшесі, 22, 3-қабат, оң жақ қанат, тел. 8-(7232)-26-72-07.
Minut.kz



