Басты жаңалықЭкономика

Өскемендік кәсіпкерлер министрлік ұсынысына қарсы

Өскемендегі шағын дүкен иелері Сауда және интеграция министрлігі ұсынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімімен келіспейді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Айтуланыша, жаңадан қосылған азық түрлері кәсіпкерлерді табысынан қағады. Тіпті, онсыз да әупірімдеп жүргізіп отырған бизнесті тоқтатып, банкроттыққа әкеп соғады дейді.

Шағын бизнес өкілдері жаңадан қабылданған Салық Кодексіне қатысты мәселеден әлі арыла алмай жүргенде енді оған азық-түлік бағасы қосылды. Себебі, Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар тауар тізімін 19-дан 33-ке жеткізген. Дүкен иелері болса, бағаны көп қоса алмаймыз. Үкіметтің бұл ұсынысы тіпті тұралатып тастайтын болды деп қарсы.

Нұргүл Қайдарова Кәсіпкер

«Посредник» дейміз ғой, солар көбейген сайын бізге ол тауардың өзі көп баға қосулы келеді. Енді оған біз көп қосқанмен, тіпті қымбаттап,өтпейді ғой. Сондықтан, біздің қосқан біраз тиынымыз шығынымызды ақтамайды. Бұлай болатын болса, біз шағын бизнес банкротқа кетеміз – дейді кәсіпкер Нұргүл Қайдарова.

Тізімге алма, қызанақ, қиярдан бастап, сүт пен қаймақ қосылған. Қой мен сиыр еті және балықтың бірнеше түрі тағы бар. Кәсіпкерлердің келіспейтін тұсы да осы. Табыс табамыз ба деген тауардан қағылатын болдық. Тіпті бұдан 10 жыл бұрын ашылған әлеуметтік маңызы бар тауарларға арналған дүңгіршектерде қазір картоп пен сәбіз ғана бар деп ашынды. Сондықтан үкімет басқа жолын тапқанын сұрайды.

Светлана Щукина «Үй жанындағы дүкендер» бөлшек сауда қауымдастығының өкілі

Мемлекет сол тұрақтандыру қорына арналған дүңгіршектерге өте көп қаржы бөледі. Ал олар оны ақтап отырған жоқ. Онда өтінеміз! Сол дүңгіршектерді алып тастаңыздар да нақты нәтиже беретін бағдарламаны жүзеге асырыңыздар – деді «Үй жанындағы дүкендер» бөлшек сауда қауымдастығының өкілі Светлана Щукина.

Ал Сауда және интеграция министрлігі тізімді өтініштердің көбеюіне байланысты ұзартқандарын және ол тиімді деген пікірлерін алға тартты.

Бидәулет Серіков ҚР СИМ Сауда комитетінің Баға мониторингі және талдау басқармасының басшысы

Бұл халық үшін тауарлардың түпкілікті құнына оң әсер етеді. Және кәсіпкерлерге осы қаражатты өз кәсіпорындарын дамытуға, қайта инвестициялауға жағдай жасайды – деді ҚР СИМ Сауда комитеті Баға мониторингі және талдау басқармасының басшысы Бидәулет Серіков.

Шағын дүкендердегі қазіргі жағдайға қарапайым тұрғындар да алаңдаулы.

Мариия Зуева Өскемен қаласының тұрғыны

Егер шынымды айтсам, біз секілді зейнеткерлер үшін әлеуметтік тауардың түрін көбейту керек. Біз ғана емес, айлық табысы аз қарапайым халық көп қой. Көпбалалы отбасыларда жетерлік. Ал енді осы тізім үшін мына дүкендер жабылса, онда қиын екен. Әрине бізге де ыңғайсыз болады – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Мариия Зуева.

Кәсіпкерлердің жанайқайы ескеріле ме жоқ па? Ол жағы әзірге белгісіз. Министрлік ұсынған жоба Ашық үкімет парталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Әлі нәтижесі белгісіз.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button