Қоғам

Өскемендік сарбаздарға жауынгерлік қару табысталды

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің 2-2025 жылғы шақырылым жас сарбаздарына қару табыстау рәсімі өтті – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 150-ге жуық сарбаз қару алып, әскери оркестр сүйемелдеуімен жауынгерлік ту ортаға шығарылған. Арнайы іс-шараға әскери бөлім офицерлері, әскери бөлім ардагерлері сондай-ақ, өзара бірлесіп іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.

Күні кеше семсер сүйіп серт беріп, ант қабылдадық. Бұл күн мен үшін мерейлі және жауапты сәт. Өйткені, қолымызға жауынгерлік қару алып тұрмыз. Өзімді құдды шайқасқа дайын бес қаруы сай батырдай сезінемін. Енді мен Ұлттық ұлан қатарында азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етіп, ел тыныштығын күзетуде жан аямай қызмет етуге дайынмын, – дейді 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Талғат Әбдіқадіров.

Енді сарбаздар өздеріне тапсырылған қаруға бір жыл бойы жауапты болады. Отан алдындағы борышын адал атқаруға ант берген жауынгерлер Абай, Жетісу, Павлодар облыстарынан және Алматы мен Астана қалаларынан әскерге шақыртылған. Алдағы уақытта мерзімді әскери қызметшілер Өскемен қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалайтын болады.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button