Басты жаңалықҚоғам

Өскемендіктер «Отбасы Fest» фестивалінде бас қосты

Өскемен іргесіндегі көрікті Шешек асуында көктемнің алғашқы мерекелеріне орайластырылған ауқымды «Отбасы Fest» фестивалі өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары таза ауада демалып қана қоймай, алдағы маңызды саяси оқиға – бүкілхалықтық референдум туралы ақпаратпен қанықты, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Фестивалде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен әр жастағы қонақтар үшін ерекше ойын-сауық бағдарламасы әзірленген. Кішкентай қонақтарды түрлі-түсті костюм киген аниматорлар қарсы алды. Олар үшін қызықты сайыстар, танымдық шеберлік сабақтары мен белсенді ойындар ұйымдастырылды.

Ересектер командалық ойындар мен спорттық жарыстарға қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. Қонақтарға арнайы дастархан жайылып, табиғат аясындағы кәуап, ыстық шай мен кофе, тәтті дәмділер ұсынылды.

Фестивалдің басты ерекшелігі – оның 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен және алдағы 15-наурызға жоспарланған референдуммен байланысты болуында. Шара барысында еріктілер мен белсенділер тұрғындарға референдумның маңызы мен дауыс беру тәртібі туралы түсіндірді.

Алмат Ақышов Өскемен қаласының әкімі

Бүгінгі шара тек демалыс емес, бұл – бірлік пен жауапкершіліктің символы. Біз отбасылық құндылықтарды дәріптей отырып, еліміздің болашағын айқындайтын маңызды шешімдер қабылдауға дайын болуымыз керек. 15 наурызда өтетін референдум – әрбір азаматтың үні естілетін сәт. Сондықтан азаматтарымыз айтулы шараға қалмай баруы керек. Ал таңдау құқықы әркімнің өз еркінде, – дейді шаһар басшысы Алмат Ақышов.

Референдум – болашаққа бастар жол екенін барша жұрт түсінеді. Мерекелік шараға қатысушылар да саяси науқанға бейжай қарамайтындарын жеткізді. Көптеген тұрғындар үшін мұндай форматтағы ақпараттық жұмыс тиімді. Мерекелік көңіл-күймен жүріп, маңызды мемлекеттік реформалар туралы мәлімет алу халықтың белсенділігін арттыратыны сөзсіз деді, демалуға келген азаматтар.

Естеріңізге сала кетейік:

  • Оқиға: Бүкілхалықтық референдум;
  • Күні: 15 наурыз;
  • Мақсаты: Ел дамуының жаңа бағыттарын айқындау.

Ал Шешек асуындағы «Отбасы Fest» фестивалі өскемендіктерге тек жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қоғамдық келісім мен саяси мәдениеттің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.

Сөз соңында айта кететіні, Шешек асуындағы бұл демалыс орнын қала билігі былтыр ашты. Қала тұрғындарының демалуына жағдай жасау мақсатында отыратын орындар мен көлік қоятын тұрақ әзірледі. Алайда, қазір онда баратын халық саны көбейді. Соған байланысты ең бірінші көлік қоятын тұрақты кеңейту жайы қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар, азаматтардың тек қыста қардан сырғанауы ғана емес жазда да тұрақты демалуларына жағдай жасау көзделген. Ол үшін тау басына дейін электр желісі тартылып, жаяу жүріп серуендеуге арналған жол әзірленді.

Алдағы уақытта бұл демалыс орнын кәсіпкер қолына беру көзделген. Өйткені күтіп-баптап ұстау қала қазынасына көп салмақ салады. Сондықтан ниет білдірген бизнес өкілдері алса, олар өздері қаржы құйып, демалыс орнын одан әрі дамытуға кұш салады. Сол арқылы жұмысын жүргізіп, табыс табуына мол мүмкіндік алмақ. Ал қала әкімдігі тарапынан салынған дүниелерді демалушылар әрқашан тегін пайдалана алады.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button