Басты жаңалықСаясат

Президент беделді америкалық компания басшыларымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар беделді америкалық компания басшыларымен кездесу өткізді – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Сурет Ақорданың ресми парақшасынан алынды

Ақорда баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қасым-Жомарт Тоқаев U.S. International Development Finance корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады. Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Ал U.S. International Development Finance Corporation тарапы да Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастықты күшейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Негізгі бағыттар – тау-кен өндірісі мен көлік-транзит инфрақұрылымы.

Сурет Ақорданың ресми парақшасынан алынды

Мемлекет басшысы Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккиді де қабылдады. Вoeing компаниясымен кездесуде Air Astana, SCAT Airlines және Vietjet Qazaqstan компанияларымен ынтымақтастықты кеңейту, ұшақ жеткізу (соның ішінде Boeing 787 Dreamliner), Шымкентте техникалық қызмет көрсету орталығын ашу және авиация мамандарын даярлау мәселелері талқыланды.

Сурет Ақорданың ресми парақшасынан алынды

Ashmore Group компаниясының басшысы Марк Кумбспен кездесуде Қазақстанда халықаралық клиника салу жобасы талқыланды. Жоба Ashmore Healthcare International және Самұрық-Қазына Инвест бірлесіп жүзеге асырып, оған әлемдік деңгейдегі медицина операторы Mount Sinai Health System тартылмақ.

Mars компаниясымен 180 миллион доллар көлеміндегі инвестициялық келісімге қол қойылды. Жоба аясында Алатауда үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салынып, агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдеу және экспорт көлемін арттыру көзделіп отыр.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button