Президент денсаулық саласына сын айтты
Еліміздің денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Бірақ аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыру жайлы бұған дейін қанша талап етілсе де, сол күйі жасалмаған – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі екенін айтып сынады.

Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырды. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет, – деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек.
Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырды. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады деп ескертті.
Minut.kz



