Қоғам

Президент энергетика саласы қызметкерлерін құттықтады

Мемлекет басшысы энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Ақордада өткен салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтіп, энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

Сурет Ақорданың ресми парақшасынан алынды

Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артқанын жеткізді. Қазір осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Бұл орайда инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылған.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button