Басты жаңалықҚоғам

Өскеменге табиғи газ келмей экология түзелмейді

Өскеменнің экологиялық мәселесі қаланы толық табиғи газға қоспай шешілмейді. Бұл туралы Парламент мінберінде тағы да айтылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов экологиялық ахуалдың нашарлығынан әсіресе, оқушылар зардап шегіп жатқанын жеткізді. Халықтың құрғақ уәдеден шаршағанын айтып, тиісті министрліктен нақты шешім талап етті.

Өскемен десе, елдің есіне алдымен көк түтін мен мүңкіген иіс түсетін болды. Халықтың қазіргі талқылайтын тақырыбы да осы – ауаның ластығы. Өндіріс ошақтарынан бөлінетін зиянды қалдықтар мен жеке сектордан шығатын қою күйе жұртты тірідей тұншықтырып барады. Жылдар бойы «ертең түзеледі» деген үмітпен келген ел әбден қажып бітті. Биліктің жоспарын емес, нақты ісін көргісі келеді.

Ұлықбек Тұмашинов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Нақты қандай шешім бар? Қандай жоспар емес, қандай шешім бар? Жуық арада шешпесек, бұл мәселе ушығып кетуі ықтимал, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұлықбек Тұмашинов, Энергетика министрлігінің өкіліне қарата жолдаған сауалында.

Депутат сауалына Энергетика министрлігі үйреншікті жауабын берді. О баста Ресей газын Қытайға Қазақстан арқылы айдап, Шығысты «шапағатына» бөлемек болған жоспар бүгінде жайына қалған. Көршілер құбырды Моңғолия арқылы өткізуге бейімделсе де, ведомство өкілдері әлі «келіссөз жүріп жатыр» деп сендіреді. Ендігі үміт 2027 жылы басталатын «Сарыарқа» магистралында.

Қайырхан Тұтқышбаев ҚР Энергетика вице-министрі

Осы солтүстік өңір газдандырылған соң, біз сәйкес жобалық құжаттарды есептеп, шығысқа дейін қандай газ құбырлары керек? Қанша газ көлемі қажет? Соның бәрін есептеп, ары қарай жұмыс жасайтын боламыз. Бірақ бұған үлкен қаражат керек және уақыт керек, – деді ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.

Солтүстік өңірлерге көгілдір отын жеткізетін бұл жоба 2030 жылы аяқталады. Өскеменнің мәселесі содан кейін ғана қаралмақ. Демек, алдағы 5 жылда Үкіметтен сұйық отын сұраудың қисыны жоқ. Ал экологтар Өскеменнің алдағы 50-60 жылдағы өмірі көмірмен байланысты деген уәж айтады. Себебі қаланың қақ ортасында электр мен жылу энергияларын қатар өндіріп отырған алпауыт орталықтар тұрғанда жағдай өзгермейді.

Дәулет Асанов Эколог

ЖЭО-тары сол күйінде жұмыс істеп қалады. Газға оны көшірмейді. Өйткені газға көшіру үшін қолданыстағы стансаны жаңарту керек. Екіншісі, мына екінші ЖЭО. Қазір соны салу туралы көп айтылып жүр. Ол салынатын болса біздің қала көмірге шамамен алдағы 50-60 жылға байланып қалады, – деді эколог Дәулет Асанов.

Маманның айтуынша, елімізді газдандыруға қатысты 2013-2030 жылдарға арналған құжатта Өскемен ескерілмей қалған. Тағы бір дәйек, өндірісті қаланың көмір жағуы «қара алтын» өндірушілерге тиімді көрінеді.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button