Қазақстан 32 жылдан кейін үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарында жалпы есепте 19-орынға тұрақтады – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Еліміздің ұлттық құрамасы Италияда өткен XXV қысқы Олимпияда ойындарында 1 алтын медаль олжалап, жалпы есепте 19-орынға тұрақтады. Ел қоржынына алтын жүлдені мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама көшбасшысы Михаил Шайдоров салды.

Осылайша, ұлттық құрама 1994 жылдан кейін алғаш рет Олимпиадада үздік 20 елдің қатарына енді. Отандастарымыз қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде жүлде алып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген Финляндия, Польша, Бельгия құрамаларын артта қалдырды.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан құрамасынан қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша 36 атлет (18 ер, 18 әйел) қатысты.
Жүлде саны бойынша алғашқы ондыққа Норвегия, АҚШ, Нидерланд, Италия, Германия, Франция, Швеция, Швейцария, Аустрия, Жапония енді.
Айта кетейік, Михаил Шайдоровтың бұл алтыны – Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиададағы екінші алтын. Алғашқысы 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алған.
Minut.kz



