Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 28 млрд доллардан асты

Ресей Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді – деді Қасым-Жомарт Тоқаев, Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясында.
2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз миллиардқа жуық инвестиция құйды.
Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді.
Кездесуде — осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын, – деп сөзін түйіндеді, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жанель Жанболатқызы



