Қазақстанда БАҚ саласындағы заңнама жетілдірілуде
Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында айтты.
Вице-премьер Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс жайы туралы баяндады.
Атап айтқанда, оның сөзінше балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылуда. Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа толмаған азаматтар үшін әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салуды көздейтін онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заң жобаларын әзірледі.
Аталған өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылды.Оны тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеу, қажет болса жауапкершілік шараларын қарастыру жоспарланып отыр.

Халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту комиссиясы және басқа да тетіктер арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама бөлу және кейбір тауарларды жарнамалауға тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндіктері заңнамалық тұрғыдан қарастырылады, — деп толықтырды Аида Балаева.
Minut.kz



