Шемонаихадағы «шенділер» не қарап отырды?!

Шемонаиха ауданының орталығындағы су құбырларының 85 пайызы иесіз – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысындағы ресми цифрлар мен құрғақ есептерге сенсек, өңірде бәрі керемет. Су бар, халық разы, «Ақбұлақ» секілді «әдемі» бағдарламалар орындалған. Бірақ шындықтың бетін ашсаңыз, «иесіз» қалған инфрақұрылым мен жауапкершіліктен қашқан шенділердің бейнесін көресіз.
Елімізде жылдар бойы «Ақбұлақ» бағдарламасының жыры жырланды. Осыдан 15 жыл бұрын басталған жобаға қазынадан қыруар қаржы бөлініп, мемлекеттің миллиардтары игерілді. Әйтеуір әупірімдеп жүріп, «Ақбұлақты» да аяқтап, елдің ерні таза ауыз суға тиді дедік. Оның өзінде де Мемлекет басшысының «2025 жылы Қазақстан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылсын!» – деген сөзі қамшы болғандай болды.
Хош делік. Айтпағымыз нақты бұл емес еді. Біздің меңзегеніміз, Шемонаихадағы шенділер осы уақытқа дейін не қарап отырды?! Қазір қалада 31,9 шақырым су құбыры бар. Оның 4,685 шақырымы аудандағы ТҮКШ бөлімінің иелігінде екен. Ал қалған 27,215 шақырым құбыр ешкімнің меншігінде жоқ. Бұл дегеніміз – қала желісінің 85 пайызы ресми түрде «жоқ» деген сөз.
Егер ертең құбыр жарылса, оны кім жөндейді? Ешкім! Өйткені мемлекет меншігінде жоқ дүниеге бюджеттен бір тиын бөлу – заңсыз. Демек, халық кез-келген сәтте сусыз қалуы әбден мүмкін және оған ешқандай атқамінер жауап бермейді.

Жылдың басында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үкіметтің кезекті отырысында есеп берді. Өңір басшысы облыстағы барлық тұрғын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтылған – деді. Әрине, қағаз жүзінде бәрі «керемет».
Бірақ Шемонаихадағы «қараусыз» құбырлар бұл есепке енбеген бе? – деген заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Себебі, 27 шақырым құбыры иесіз, ертеңі бұлыңғыр қаланы «сумен толық қамтылды» деп айтуға бола ма?! Аудан орталығы бола тұра, осыншама шақырым құбырды меншікке өткізіп, құжаттарын реттемеу – жергілікті биліктің дәрменсіздігі ме?!
«Ақбұлақ» бағдарламасы аяқталды, ақша игерілді, ленталар қиылды. Ал нәтижесінде халық «жарылу сәтін күткен» ескі әрі иесіз стратегиялық нысандармен қала берді.
Minut.kz



