ШҚО әкімі Н.Сақтағанов: Бұл – балаларымыздың ертеңі үшін жасалған таңдау
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа Ата Заң жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Аймақ басшысы саяси науқанға отбасымен бірге келіп, дауыс берді. Нұрымбет Аманұлы бұл күнді ел ертеңінің мызғымас кепілі ретінде бағалап, жұртшылықты белсенді болуға шақырды.
Кез келген саяси науқан ашық өтуі тиіс. Бүгін біз сол ашықтықты көріп тұрмыз. Ел ертеңіне қатысты игі істерге бір кісідей атсалысу – басты міндетіміз. Біз бүгін жарқын болашаққа, бала-шағамыздың ертеңі үшін дауыс бердік, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, әкім бүгінгі күннің маңыздылығын Наурызнама онкүндігімен ұштастырды. Бүгін – Қайырымдылық күні. Осыған орай, аймақ басшысы барша тұрғындарды мереке аясында ізгі істерге ұйытқы болуға шақырды.
Айта кетейік, өңірде референдум өткізуге байланысты барлығы 547 комиссия жұмыс істейді. Оның ішінде 14-і – аумақтық комиссия, 533-і учаскелік комиссия. Комиссиялардың құрамында жалпы саны 3821 адам бар. Соның ішінде 98-і аумақтық, 3723-і учаскелік комиссия мүшелері.
Облыста барлығы 533 сайлау учаскесі құрылған. Оның 501-і тіркеу орны бойынша, ал 32-сі уақытша болатын орындарда орналасқан. Учаскелердің 129-ы немесе 24,2 пайызы Өскемен қаласында.
Шығыс Қазақстанда жалпы сайлаушылар саны 485 109 адам. Таң атқалы Шығыс Қазақстан тұрғындарының сайлау учаскелеріндегі белсенділігі жоғары деңгейде байқалып отыр.
Minut.kz



