ШҚО әкімі Н.Сақтағанов сенбілікке қатысты

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында экологиялық мәдениетті көтеруге бағытталған ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Қаланың қақ ортасынан өтетін Камендантка өзенінің сағасы қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Бұл жай ғана сенбілік емес, шаһар тұрғындарының табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге бағытталған маңызды қадам болды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Сенбілікке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен шаһар басшысы Алмат Ақышов арнайы қатысып, тазалық жұмыстарына қолдау білдірді. Өзен арнасын ретке келтіруге жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және қаладағы түрлі кәсіпорындардың жұмысшылары қатысты. Сонымен қатар, өз ауласы мен қаласының тазалығына бей-жай қарамайтын ерікті тұрғындар жиналды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов іс-шара барысында экологиялық сананы қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол тазалық жұмыстары тек бір күндік науқан емес, жүйелі мәдениетке айналуы тиіс екенін атап өтті.

Айналамызды таза ұстай отырып, көпшіліктің бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырамыз деп ойлаймын. Осының бәрі айналып келген кезде халықтың өмір сүру сапасын жоғарлатудың бірден-бір жолы, – деді өңір басшысы жұмыс барысында.
Әкімнің айтуынша, қала ішіндегі су айдындарының жағдайы – шаһардың көрінісі. Камендантка өзені Өскеменнің демалыс аймағы ретінде үлкен әлеуетке ие, сондықтан оны күтіп ұстау әрбір азаматтың міндеті.

Камендантка – Өскеменнің ең көне су нысандарының бірі. Кезінде бұл өзен қаланы сумен қамтып, салқындық сыйлайтын табиғи арна болған. Соңғы жылдары қала билігі Камендантка бойын абаттандыруға баса назар аударып келеді. Жағалауда жаяу жүргіншілер жолы салынды, электр желісі тартылып, толық жарықтандырылды.
Судың тазалығы мен арнаның санитарлық жағдайы маңызы зор. Сол үшін осы жолғы акция аясында тұрмыстық қалдықтар, кесілген бұтақтар мен жабайы шөптер толықтай шығарылды. Арнайы техникалар тартылып, жиналған қоқыс қала сыртына тасымалданды.
Сенбілікке қатысқан әртүрлі сала өкілдері өз әсерлерімен бөлісті. Ерлан есімді студент: – Біз бүгін топпен келдік. Камендантка – біздің серуендейтін сүйікті орнымыз. Мұнда неше түрлі пластик бөтелкелер, пакеттер шықты. Адамдар өздері демалатын жерді тазалауға көмектесіп жатыр. Біз бүгін үлкен іс тындырдық деп ойлаймын. Қаламыздың таза болуы өзіміздің қолымызда, – дейді.
Ал қала тұрғыны Айгүл Сәрсенова: – Бұл тек жұмыс емес, бұл – парыз. Біз өз іс-әрекетімізбен өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуіміз керек. Егер әрбір тұрғын аптасына бір рет болса да айналасына көз тастап, тазалап тұрса, Өскемен гүлденген қалаға айналар еді. Облыс әкімі мен қала әкімінің бізбен қатар жүруі бәрімізге үлгі болды – деді.
Өскемен – өндірісті қала. Сондықтан мұнда ауа мен судың тазалығы мәселесі әрқашан бірінші орында. Соңғы күндері Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жаппай сенбілік өткізіліп, қоқыстар шығарылып жатыр.

Ал тазалық бар жерде береке бар. Камендантка өзенінің сағасын тазарту шарасы өскемендіктердің бірлігін тағы бір мәрте көрсетті. Нұрымбет Сақтағанов бастаған бұл бастама тек бір күндік акция емес, қала тұрғындарының жаңа экологиялық өмір салтына жасаған қадамы.
Minut.kz



