ШҚО-да 309 шақырым сумен жабдықтау желілері жөнделеді

Шығыс Қазақстан облысында 309 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау жоспарлануда – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде су құбыры желілерін реконструкциялау және жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жағдайды тұрақтандыру және инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту мақсатында өңірде бірінші кезекте коммуналдық желілердің ең тозған және авариялық учаскелерін ауыстыру жөніндегі шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша су құбыры желілерінің тозу деңгейі 47%-ға, кәріз желілері 69%-ға дейін төмендеді, жалпы алғанда сумен жабдықтау және суды бұру желілерінің жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын 358 шақырымнан астамы қайта жаңартылып, салынды.
Биыл коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және тозу деңгейін төмендету жұмыстары жалғасады. 9,0 млрд теңгеге 309 шақырым сумен жабдықтау және суды бұру желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр, бұл су құбыры желілерінің тозуын 45%-ға, ал су бұру желілерін 67%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жанель Жанболатқызы



