ШҚО-да 50-ге жуық мектепте директор жоқ
Шығыс Қазақстандағы бірқатар білім ордалары «басшысыз» қалды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Өңірдегі мектеп директорларының тапшылығы шегіне жеткені сонша, кейбір ауылдағы «креслоның» бос тұрғанына 5 жылдан асқан. Маман жетіспеушілігін ардагер ұстаздар амалдап ұстап отыр. Бірақ бір айдан кейін олар да зейнетке шығады.
Дәл қазір облыстағы 347 мектептің 48-і яғни, әрбір жетіншісі – «қожайынсыз». Жыл басындағы жағдай бұдан да қиын еді. Соңғы айларда бірнеше байқау өткенімен, небәрі 8 мектепке ғана басшы әрең табылған.

Бізде пенсиядағы істеп жүрген басшылар да көп. 25-мамырдан кейін олармен еңбекшарты тоқтатылады. Директор жетіспеушілігі қайта көбейеді. Енді жылдың аяғына дейін бос орындардың 90 пайызын жауып тастаймыз деп, мен өзім жоспарлап отырмын, – деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.
Маман тапшылығының астарында ащы шындық жатыр. Бүгінде директор болу – абырой емес, ауыр тауқыметке айналған. Ұжымдағы ұшан-теңіз жауапкершілік пен шексіз қағазбастылыққа шыдайтын адам аз. Ең сорақысы жай мұғалімнің жалақысы мектеп басшысының табысынан әлдеқайда жоғары. «Айлығы аз, азабы көп» лауазымға ұмтылатын кадр табылмай, шығыстағы білім саласы тығырыққа тіреліп тұр.
Minut.kz



