ШҚО-да егін жинау және жер қойнауын пайдалану мен интернет мәселелері талқыланды
Шығыс Қазақстан облысының әкімдік отырысында күзгі дала жұмыстары, геология және интернет мәселелері қаралды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2025 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу барысы, өңірдің геология саласы мен жер қойнауын пайдалану және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының орындалу барысы қаралды.
Баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова: – биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 616,9 мың гектарды құрағанын айтты. Бүгінде егін жинау жұмыстары толықтай аяқталған. Дәнді дақылдар 235,7 мың гектар, майлы дақылдар 259,5 мың гектар, жемшөп дақылдары 108,1 мың гектар алқапта жиналды – деді.
Ал облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсаттың айтуынша, Шығыс Қазақстанда түрлі санаттағы 250-ден астам кен орны бар. Оның ішіндегі 25-і алтын кен орны. Осы жылдың III тоқсанының деректері бойынша ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға құны 552,9 млрд теңге болатын тау-кен өндіру саласындағы 6 жоба енгізілді. Бұл жобалар аясында 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарының қызметіне экологиялық бақылау күшейтіліп келеді. Сонымен қатар пайдалы қазбалардың заңсыз өндірілуінің алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
Өңірдегі интернет мәселесіне тоқталсақ, биыл жыл соңына дейін 50-ге жуық елдімекен интернетке қосылады.
Нақтыласам, 2025 жылдың қаңтар айы мен 20 қараша аралығында облыстағы 28 елді мекен интернетке қосылған. Жыл соңына дейін тағы 27 ауылға интернет тарту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде халықты тұрақты интернетпен қамту деңгейі шамамен 99 пайызды құрайды – дейді цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Cапарғалиев.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарын күшейтуді және геологиялық барлау саласына жеке инвестициялар тартуды тапсырды. Сондай-ақ шалғайдағы елді мекендер мен туристік орындарға қосымша Starlink спутниктік терминалдарын орнату және қосу мүмкіндіктерін пысықтау қажеттігін айтты.
Minut.kz



