ШҚО-да тұмау жұқтырғандар саны 100 мыңға жуықтады

Шығыс Қазақстанда тұмау жұқтырғандар саны 100 мыңға жуықтады – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, соңғы 2 ай көлемінде ЖРВИ-ге (жедел респираторлық-вирустық инфекция) 93358 адам шалдыққан. Олардың 58517-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Яғни, ауырғандардың жартысынан көбі балалар. Ауруды сәбилер де жұқтырған. Бір жасқа дейінгі 1060 нәресте сырқаттанып, 300-ге жуық жүкті әйел тұмау жұқтырған.
Тұмаудың зертханалық расталған 73 жағдайы тіркелді. Барлық жағдайда A/H3N2 типі анықталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында — 37 жағдай тіркелді, – деді ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қ.Тұрдиев.
Басқа респираторлы вирустарға 443 сынамаға зерттеу жүргізіліп, риновирус – 67, бокавирус – 3, аденовирус – 29 анықталды.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 77 000-ы тұмауға қарсы екпе алды. Бұл облыс халқының 10 пайыздайы ғана.
Мамандар ЖРВИ белгілері бар адамдардан аулақ болып, үй ішін жиі желдетіп және дұрыс тамақтануға кеңес береді.
Жанель Жанболатқызы



