ШҚО-да заңсыз кен өндіргендер 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Агенттіктің мәлімдеуінше, Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында орналасқан «Глинковское» кен орнында ЖШС басшысы пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіру мен өткізуді ұйымдастырған.
Компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқық берген. Алайда пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік көлемде өндіруге рұқсат болмаған.
Соған қарамастан, іс жүзінде темір құрамды тау жынысын өндіру, оны қайта өңдеу, жинақтау және ішкі нарықта, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына өткізу жұмыстары жүргізілген.
Ауыр арнайы техниканы қолдану қоршаған ортаға теріс әсер етіп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан.
- Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан.
- Алынған қылмыстық табыс сомасы 1 млрд теңгеден асқан.
Аталған қаражатқа күдіктілер жылжымалы және жылжымайтын мүлік: бизнес-орталық, Алматы қаласындағы пәтер, «LAND ROVER RANGE ROVER» маркалы автокөлік, 2 автотұрақ орны және 2 жер телім сатып алған.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
Minut.kz



