ШҚО-да жаңа волейбол орталығының құрылысы басталды

Шығыс Қазақстан облысында жаңа волейбол орталығының құрылысы басталды. Заманауи кешеннің құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов құрылыс басталған аумаққа барып, жұмыс барысымен танысты. Екі қабатты кешенде екі спорт зал қарастырылған. Бірі жарыс өткізуге, екіншісі оқу-жаттығу процесіне арналған. Негізгі зал шамамен 200 көрерменге арналған. Сондай-ақ ғимаратта киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын және санитарлық тораптар болады.
Жобаның бас мердігері — «DK PROEKT» компаниясы.

Өңірде волейбол қарқынды дамып келеді, сондықтан біз бұл спорт түрімен айналысатындарды жан-жақты қолдауымыз қажет. Berel волейбол клубы жақсы нәтижелер көрсетіп жүр және өз спорттық базасына лайық. Команда алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, жанкүйерлерін қуанта береді деп сенемін, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Орталық 10 жастан асқан балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған. Спорт залдарында бір уақытта 84 адамға дейін жаттыға алады:
- негізгі волейбол залында — 24 спортшы;
- оқу-жаттығу залында — 36;
- тренажер залында тағы 24 адам;
- Күн сайын әрқайсысы екі сағаттан алты жаттығу өткізу жоспарланған.

Волейбол орталығының салынуы өңірдің спорттық инфрақұрылымын айтарлықтай нығайтып, спортшыларды даярлауға және жарыстар өткізуге заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ балалар мен жастарды спортпен тұрақты түрде айналысуға кеңінен тартуға ықпал етеді.
Жанель Жанболатқызы



