Шығыс ғалымдары инновациялық жобаларын таныстырды

Шығыс Қазақстанда ғылым мен өндіріс ұштаспақ. Өскеменде өткен облыстық ғылыми кеңестің ІІ отырысында жас ғалымдар ауылшаруашылығына арналған тың жобаларын таныстырды. Жиын барысында өңірдің интеллектуалды әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Кеңес алдында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Лу Бань» шеберханасының жұмысымен танысты. Мұнда студенттер электромобильдерді жөндеу мен цифрлық логистиканы меңгеріп жатыр.
Еске салсақ, бұл орталық Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімі аясында 2023 жылы ашылған болатын.

Ал Қазақстандағы Ғылым апталығы аясында ұйымдастырылған басқосуда ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, инновациялық жобаларды іске асыру және өңірдің өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану жайы пысықталды.

Біздің жас ғалымдарымызды қолдау, зерттеу жұмыстарын ынталандыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар өңіріміздің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық аренада еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Жиын соңында өңірдің ғылыми дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ ғалымды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов алғыс хат табыстап, арнайы марапаттады. Бұл құрмет жас зерттеушілер үшін үлкен мотивация, ал аға буын үшін атқарылған еңбектің лайықты бағасы болды. Ендігі кезекте осы инновациялық жобаларды нақты өндіріс орындарында сынақтан өткізіп, іске асыру жоспарланып отыр.
Жанель Жанболатқызы



